Наурыз мерекесі қарсаңында Алматы мен Түркістан қалаларында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жаңа деңгейге көтерілмек. Ұлттық ұланның әскери бөлімдері заманауи автопатрульдермен толықтырылып, техникалық әлеуеті нығайтылды. Бұл қадам жедел әрекет ету тобының жұмысын ширатып, патрульдеу тиімділігін арттыруға жол ашады. Жалпы, Бас қолбасшылық тарапынан материалдық-техникалық базаны жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Қысқа уақыт ішінде Ұлттық ұлан бөлімшелеріне 336 заманауи техника жеткізілсе, соның 120-дан астамы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерге үлестірілді. Жаңа көліктер тек мереке күндері емес, күнделікті қоғамдық тәртіпті күзетуде басты құралға айналмақ. Бұл — тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолындағы маңызды қадам.