Түркістан облысының шаруалары егініміз қурап, шығынға батамыз ба деп уайымдап отыр. Өйткен, ағын су мәселесі өткір тұр. Мәселен, Ордабасы ауданы Жеңіс ауылында былтыр 8 шаруашылық су тапшылығынан өнім жинай алмай, еңбегі далада қалған. Ауыл-аймақтағы осы және басқа да мәселелер «Amanat» партиясының Түркістан облысы бойынша филиалының онлайн қабылдауында талқыланды. Ордабасы ауданы Жеңіс ауылын асырап отырған жалғыз канал бар. Сыйымдылығы небәрі 2 мың текше метр болса да, 113 шаруа қожалығы су алып отыр. Тапшылықтан былтыр 8 шаруашылық сусыз қалып, егісі қурап кеткен. Екі жарым мыңдай халқы бар Жеңіс ауылында бұдан өзге де проблема көп. Мәселен, мұнда мал жаятын жер жоқтың қасы. Себебі жайылымдық жерлердің бәрі егістік ретінде пайдаланылуда. Сондай ақ тұрғындар газ мәселесінің әлі күнге дейін шешімін таппай отырғанын айтуда. Ордабасыдан бөлек «Amanat» партиясының өкілдері Отырар ауданына қарасты шалғайдағы бес ауылдық округ тұрғындарын қабылдады. Аманаттықтар айтылған шағымдарды республика деңгейінде шешеміз деп отыр. Аманаттықтар осы сынды қабылдауларды елдің барлық аймақтарында өткізуде. Айтуларынша, партия өкілдері бүгінде 120 елді-мекен тұрғындарымен кездескен. Олардан түскен 1500- ден аса шағымы 1 айға жетпей 25%-ы оң шешімін тапқан.