Астана қаласы мен бірқатар өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтары жүргізуші куәлігін саудалап 100 миллион теңге пайда тапқан. Елордадағы мамандандырылған орталық басшысының бұрынғы орынбасары жүйелі түрде пара алып, 60-тан астам азаматқа емтихансыз куәлік алуға «көмектескен». Осыған ұқсас заңсыз әрекеттер Көкшетау мен Екібастұз қалаларында да анықталды. Ондағы жауапты тұлғалар куәлік алатын адамның орнына өзге адамды алмастырып, емтихан тапсыруды ұйымдастырып келген. Жемқорлық құрығы жылжымайтын мүлік саласына да жеткен. Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары үй-жайды қайта тіркеу кезінде өз өкілеттіктерін асыра пайдаланған. Қазіргі таңда барлық деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.