Наурызнама онкүндігі аясында қаладағы «Достық үйінде» тағылымды кездесу өтті. Іс-шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған. Мақсаты – ата-бабадан аманат болған салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды насихаттау. Тағылымды жиында ұмыт болған әдет-ғұрыптарымыз туралы бейнеролик көрсетіліп, ақжаулықты әжелер шашу шашып, ән шырқады. Сондай-ақ жиналған жастар «Бестемше», «Асық ату» ойындарының ережесін түсініп, оларды ойнап та көрді. Шара соңында қатысушылар Наурыз мерекесімен құттықтап, ұлттық салт-дәстүр – ұлт рухының мәңгі тірегі екенін атап өтті.