Түркістан облысының Мақтаарал ауданында табиғи газдандыру жұмыстары толық аяқталып, аудан халқы 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылды. Өткен аптаның соңында Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жайлыбаев елді мекені соңғы болып табиғи газ жүйесіне қосылды. Осылайша аудандағы 68 елді мекеннің барлығына газ жеткізіліп, жұрт өркениет игілігін көрді. Ауыл тұрғындары бұл жаңалықты зор қуанышпен қарсы алды. Аймаққа көгілдір отынның жеткізілуі тұрғындардың тұрмыс тіршілігін едәуір жеңілдетті. Жұрт әсіресе қыс мезгілінде отын дайындау, көмір түсіріп, күл шығарудың машақатынан құтылды.