Кентау қаласындағы апатты үй тұрғындары редакциямыздан араша сұрады. Халық арасында «Сталинка» деп аталып кеткен, екі қабатты үйдегі пәтерлердің қабырғалары әне-міне құлауға жақын. Екі жыл бұрын үй апатты болып танылғанымен, тұрғындарға ешкім көмектесуге асығар емес. Салынғанына жарты ғасырдан асқан бұл үйлерде 39 тұрғын тұрады. Мәселе, 22 жыл бұрын басталыпты. Бірақ, әкімдік бірден көмектесе қоймаған көрінеді. Жағдайға ат үсті қарағаны сонша, көппәтерлі үй бір кездері қала балансынан жоғалып кеткен. Оны да тұрғындар әкімдік табалдырығын тоздырып жүріп қайта енгізген. Жиналғандардың сөзінше, олардың жазған арызынан кітап құрауға болады. Қалалық әкімдік тұрғындардың мәселесін жақсы білеміз дейді. Жауаптылар оны шешу үшін екі ұсыныс айтыпты. Біріншісі, үй кезегіне тұру. Екіншісі, үй кезегі келгенше әкімдік төлейтін пәтерге көшу. Бірақ, оған тұрғындар келісер емес.