Көктемнің алғашқы мерекесінде Ұлттық ұлан қатарындағы жауынгерлер ең аяулы жандарына тосынсый жасады. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас жігіттер аналарына хабарласып, мерекелік лебіздерін білдіруге арнайы уақыт бөлді. Күтпеген жерден ұлының даусын естіген аналар толқыныстан көз жастарына ерік берді. Бұл сәтте сарбаздар бұрын айтылмаған ең жылы сөздерін арнап, алғыстарын жаудырды. Мұндай бастама жауынгерлерді жігерлендіру үшін жасалды. Өйткені, жақындармен сөйлесу жас сарбаздың сенімін нығайтып, жауапкершілігін арттыратыны анық. Ресми өкілдердің айтуынша, жауынгерлер мен олардың отбасы арасындағы тығыз байланыс әскердегі тәртіптің нығаюына септігін тигізеді. Сондықтан алдағы уақытта туыс-жақындарымен қауышудың басқа да жолдары қарастырылмақ.