Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Көкшетау теміржол вокзалының реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. 1981 жылы салынған нысанда соңғы 20 жылда мұндай ауқымды жөндеу болмаған. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстарының 93 пайызы аяқталған. Негізгі міндет — вокзалдың тарихи келбетін сақтау. Жалпы, Ақмола облысы вокзалдарды жаңғырту ісі бойынша республикада өзгелерден озық тұр. Өңірде темір жол жүйесіндегі 16 нысан жаңартылып жатса, оның тоғызы толық бұзылып, орнына жаңа ғимараттар салынады. Премьер-министр Көлік министрлігі мен Қазақстан темір жолы басшылығына құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Ауқымды жұмыс тек Көкшетаумен шектелмейді. Қазір еліміздің Астана-1 және Алматы-1 секілді ірі тораптарында да реконструкция жүріп жатыр. Жалпы, жыл соңына дейін Қазақстан бойынша 124 теміржол вокзалы толықтай жаңғыртылмақ.