Ленгір қаласында салынғанына бір ғасырға жуық уақыт болған ескі үйлердің тұрғындары жуырда жаңа қонысқа көшеді. Тозығы жетіп, апатты деп танылған сегіз баспанада осы кезге дейін жеті жүзден астам адам тұрып келген. Олардың қауіпсіздігі үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қаланың бірінші мөлтек ауданында бес қабатты үш бірдей зәулім баспана бой көтерді. Бүгінде жүз елу алты пәтерлі тұрғын үй кешені мемлекеттік қабылдаудан өтіп, пайдалануға берілуге дайын тұр. Мұндағы пәтерлердің жалпы аумағы он мың шаршы метрден асады. Қазіргі таңда баспаналарға ауызсу, табиғи газ және электр желілері тартылып, ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс толық аяқталған соң, мамыр-маусым айларында қоныстой тойланбақ. Бұл қадам ауданның инфрақұрылымын жаңартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтергелі отыр.