Алматыда 5 адамды өлтірген Игорь Дужнов сотта өз кінәсін мойындамады. Еске салсақ, өткен жылдың 20 қыркүйегінде Ақбұлақ шағын ауданында 54 жастағы азамат сот орындаушылары мен полицияға оқ жаудырған еді. Салдарынан бес адам қайтыс болды. Сот алдында жауап берген Дужнов банктен кредит алып, кепілдікке үйін қойғанын айтқан. Алайда несиені төлеу мүмкіндігі болмағандықтан банк кепіл мүлкін сатуға шешім қабылдаған. Оның қолына қару алуына жеке сот орындаушысының, полиция және үйдің жаңа иесінің үй аумағына кіруі әсер еткен. Ер адамның сотта кінәсі дәлелденсе, 20 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.