Коалиция мүшелері Жаңаөзенде мұнайшылармен кездесіп, жаңа Конституцияның басымдықтарын талқылады. Басқосудың негізгі тақырыбы – «мемлекет адам үшін» қағидасы аясында еңбек адамының құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін нығайту болды. Мұнайшылармен еркін форматта өткен пікіралмасуда мұнай-газ саласын жаңғырту, жастардың ғылыми әлеуетін қолдау және инновациялық технологияларды өндіріске енгізу мәселелері сөз болды. Маңғыстаулық жұмысшылар өңірдегі экологиялық ахуалға, соның ішінде «Қошқар ата» қалдық қоймасының мәселесіне де баса назар аударды. Жаңа Ата Заң жобасында мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қоршаған ортаны қорғау және экологиялық апаттардың алдын алу бойынша жауапкершілігін қатаңдату көзделген. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бұл өзгерістердің қоғам сұранысынан туындап отырғанын жеткізді.