Қазақстан шетелде жүрген жүздеген отандасымызды елге қайтаруға дайындалып жатыр. ҚР Көлік министрлігі Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты жедел штаб отырысын өткізді. Жиынға Азаматтық авиация комитеті, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, Қазаэронавигация және әуе компаниялардың өкілдері қатысты. Қазіргі таңда Иран, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері және өзге де бірқатар елдердің әуе кеңістігінде шектеулер бар. Осыған байланысты 28 ақпанда 14 рейс, 1 наурызға жоспарланған 12 рейс тоқтатылды, ал 2 наурызға 13 рейс жоспарланған. Министрлік шетелдегі жолаушылардың, оның ішінде Қазақстан азаматтарының жағдайын бақылауда ұстап отыр. Отандық әуе компанияларымен бірлесіп, азаматтарды қауіпсіз әрі баламалы бағыттар арқылы елге қайтару жайын пысықтауда. Әуе кеңістігі ашылған жағдайда қосымша әуе кемелері сапарға шығып, кері рейстер орындалмақ.