Көктемнің алғашқы күні Түлкібас ауданында айрықша басталды. Он бес ауылдық округ пен кент аумағында бір мезетте жаппай ағаш егу науқаны өтті. Әсіресе, аудан орталығындағы «Жанкент» саябағында аналар кеңесі мен этномәдени орталық өкілдері бас қосып, экологиялық мәдениеттің жаңа үлгісін көрсетті. Игі шара барысында жүз түп емен ағашы отырғызылып, жасыл желекті болашақ демалыс аймағының негізі қаланды. Саябақтағы басқосу тек табиғатты қорғау ғана емес, ұлтаралық достықты нығайтудың да алаңына айналды.