Алматы қаласында «Қалқан» қысқы спартакиадасының салтанатты ашылуы өтті. Дәстүрлі жарысты ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, Армия орталық спорт клубы және Жас сарбаз республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы ұйымдастырды. Биылғы бәсекеге еліміздің 17 өңірінен келген 72 жас спортшы қатысуда. Жарыс бағдарламасына президенттік көпсайыс жаттығулары, үш шақырымдық шаңғы жарысы және пневматикалық мылтықтан оқ ату сайыстары енгізілген. Жеңімпаз команда спортшылардың жинаған ұпай саны бойынша анықталады. Спартакиада аясында қатысушыларға экскурсиялар мен мәдени-танымдық шаралар да ұйымдастырылған. Айта кетейік, «Қалқан» қысқы спартакиадасы биыл бесінші рет өткізіліп отыр.