Батыс Қазақстан облысында бюджет қаржысына қол салғандар әшкереленді. Жымпиты ауылындағы жолдарды жөндеуге бөлінген 259 миллион теңге діттеген жеріне жетпеген. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сүйенсек, бірқатар лауазымды тұлға жалған құжат рәсімдеп, қомақты қаражатты өзара бөліскен. Соның салдарынан мемлекетке 56,5 миллион теңге көлемінде шығын келген. Күдіктілердің осы әрекетіне байланысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды. Айта кетейік, бұған дейін осы мекеменің басшысы да қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған болатын.