Түркістан қаласында «Жаңа Конституция – ел болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуға облыстық әділет департаментінің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының мүшелері және қоғам белсенділері қатысты. Қатысушылар республикалық референдумға шығарылған жаңа Ата заң жобасының маңызын талқылады. Жиында адам құқықтары мен бостандықтарының нақтылануы және оларды қорғау кепілдіктері жан-жақты сөз болды. Спикерлер жаңа Конституция елдің тұрақты дамуы мен бірлігін нығайтатын маңызды құжат екенін атап өтті. Кездесу соңында қатысушылар азаматтарды референдумға қатысып, азаматтық белсенділік танытуға шақырды.