Оңтүстікке көктем ерте келді! Шымкент қаласы мен Түркістан облысында күн күрт жылынып, өңірде өрік пен бадам ағаштары гүлдеді. Мезгілінен ерте бүр жарған бұтақтардағы ақ түсті күлтелер көздің жауын алады. Қазір қалада жұпар шашқан жеміс ағаштарына қонған бал араларын да кездестіруге болады. Дегенмен, бау-бақша егіп отырған жұрт пен диқандар ерте гүлдеген ағаштарды алдағы уақытта үсік ұрып кете ме деп қауіптенеді. Ал табиғаттың тағы бір тосын сыйы – Кентау су қоймасына аққулардың келіп қонуы болды. Сұлулық пен кіршіксіз сезімнің символы саналатын құстар өңір табиғатына ерекше көрік беріп тұр. Көл бетіндегі әсем көрініс тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жағымды әсер қалдыруда.