Орталық референдум комиссиясы 21 шетелдік байқаушыны аккредиттеді. Сыртқы істер министрлігі бұған дейін бірқатар халықаралық ұйымға шақырту жіберген болатын. Бүгінгі таңда Орталық референдум комиссиясына 3 халықаралық ұйым мен 5 шет мемлекеттен 21 байқаушы аккредитациядан өтті. Атап айтқанда, Әзербайжан мен Қырғызстаннан 2, Палестина, Тәжікстан және Тайланд мемлекеттерінен бір-бірден байқаушы белгіленді. Комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман шетелдіктерді аккредитациядан өткізу үшін ұсыныстардың түсуіне қарай байқаушылар туралы дерек жаңартылып отыратынын мәлімдеді. Айта кетейік, сыртқы істер министрлігі Украина мен Эфиопияда референдум учаскелерін ашпау туралы шешім қабылдаған болатын.