Алматы тауларында қайғылы оқиға болды. Медеу ауданына қарасты Титов асуында, теңіз деңгейінен үш жарым мың метр биіктікте туристер қар астында қалып қойған. Алдын ала мәліметке сәйкес, төрт адамнан құралған топтың екі мүшесін қар көміп қалған. Олардың біреуі өздігінен тырмысып қар қар құрсауынан құтыла алған. Ал серігін Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті құтқару бөлімшесінің қызметкерлері, кинологиялық жасақ пен еріктілері өлі күйінде тауып алды. Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Құтқару қызметі тұрғындарға тауға шығар алдында ауа райы болжамын мұқият бақылап, қауіпсіздік талаптарын сақтауға кеңес береді.