Елімізде соңғы уақытта интернет-алаяқтық деректері азаймай отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қаскөйлер Android операциялық жүйесі бар телефондарға зиянды бағдарламалар орнатуда. Олар мессенджер мен әлеуметтік желі арқылы фишинг сілтемелерін таратып, жалған қосымшалар жібереді. Кейде олар мемлекеттік органдар, банктер немесе жеткізу қызметтері атынан хабарлама жолдайды. Тіпті ұтыс ойынына шақырту ұсынғанын сылтау етіп, қосымша орнатуды талап етеді. Мұндай бағдарлама орнатылған жағдайда құрылғыға қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі пайда болып, банк шоттары мен жеке деректердің жария болу қауіпі туындайды.Бұл ретте, министрлік бейтаныс қосымшаларды орнатпауды, SMS кодтарды жария етпеуді және ресми бағдарламаларды ғана қолдану керектігін ескертеді. Егер ұялы телефон себепсіз қызып, қуаты тез таусылса немесе бейтаныс қосымшалар пайда болса, интернет желісін дереу өшіріп, банк пен құқық қорғау органдарымен байланысу қажет.