Түркістан облысының Бәйдібек ауданында білім саласына бөлінген жарты миллиардтан астам теңге талан-таражға түскен. Білім бөлімінің басшылары мен бухгалтерлері, жалпы саны 18 адамнан тұратын топ жүйелі түрде бюджетті тонап келген. Олар аудандағы 49 мектептің жалақы қорын негізсіз әдейі өсіріп, цифрлық жүйеге жалған мәліметтер енгізу арқылы ақша жымқырған. Қылмыстық схеманы іске асыру үшін тіпті мектепте істемейтін адамдарды тізімге қосып, олардың атына миллиондаған қаржы аударып отырған. Ал жасаған айлаларын жасыру мақсатында бұйрықтар мен табельдерді кері күнмен рәсімдеп, құжаттарды қолдан түзеткен. Тергеу барысында мемлекетке келтірілген 583 миллион теңге шығын толығымен қайтарылды.