Еліміздегі су қоймаларында 14 миллиард текше метрден асатын бос орын бар. Бұл көктемгі тасқын кезіндегі суларды түгелдей арнаға құйып алуға жетеді. Министрлік мәліметінше, солтүстік, орталық, батыс және шығыс өңірлердегі су қоймалары қажетті режимге көшірілген. Болжам бойынша биыл көктем кезінде 9 бен 14 млрд текше метр аралығында су тасқыны болуы мүмкін. Қазір Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикаларымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірқатар гидротехникалық нысандар жөнделіп, өзен арналары тазартылған. Министрлік су жағдайын күнделікті бақылауда ұстап отыр.