Халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру – Үкіметтің негізгі басымдықтарының бірі. Осы бағытта Премьер-министр Олжас Бектенов Президент жүктеген тапсырмаларды орындау мәселесі бойынша кеңейтілген кеңес өткізді. Үкімет басшысы Конституциялық реформаның мақсаты тек саяси жаңғырумен шектелмей, экономиканың сапалы өсуіне серпін беру екенін атап өтті. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляция деңгейін 9–11%-ға дейін төмендетуге арналған жоспар әзірленетінін мәлімдеді. Сондай-ақ 1 мамырға дейін Халық табысын арттырудың 2026–2029 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданбақ. Қаржы министрі Мәди Такиев бірінші жартыжылдықта тауарлардың ұлттық тізбесін іске қосу жоспарланғанын айтты. Ал Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа қуат көздерін пайдалануға беру жоспарланғанын хабарлады. Қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру, жаңаларын салу және «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын әзірлеу мәселелері де күн тәртібінде тұр.