Елімізде балалардың құқықтарын қорғауға және жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске асырылады. Үкімет алдағы бес жылда осы бастамаға бір бүтін оннан үш триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді. Құжат төрт басым бағытты қамтиды. Олар: қауіпсіздік, білім, денсаулық және отбасы мен әлеуметтік қорғау саласындағы құқықтар. Сондай-ақ, жоба аясында жасөспірімдердің әлеуметтік желіні қолдануына байланысты жаңа заң қабылдануы мүмкін.