Павлодар қаласында салынып жатқан жаңа көпірде алапат өрт болды. Жалынның күштілігі сонша алау 30 метрге дейін көкке шапшыған. Оқиға демалыс күніне қараған түні болған. Көпірдегі оқшаулағыш материалдар мен ағаш қалыптар отқа оранған. Өртті Павлодар облыстық Төтенше Жағдайлар Департаменті қысқа мерзімде толық сөндіріп үлгерген. Бірақ келесі күні жаңа нысанда тағы да өрт шыққан. Бір қызығы, құтқарушылар бұл жолғы оқиғаның кешегі өртпен тікелей байланысы жоқ екенін айтып отыр. Қазіргі уақытта құрылыс нысанында тергеу жүріп жатыр. Көпір конструкциясының қаншалықты зақымдалғанын арнайы комиссия анықтайды.