Биыл ел экономикасына толықтыруға бағытталған шетелдік инвестиция көлемін 22,5 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің инвестиция тарту мәселесіне арналған кеңесінде айтылды. Жиында инвесторлардың құқықтарын қорғау, жобаларды сүйемелдеу тетіктерін күшейту шаралары қаралды. Қазір прокурорлар 27 мың шешімді зерделеп, мыңнан астам негізсіз бастаманы тоқтатқан. Сот даулары 30 пайызға азайған, 2 мыңға жуық инвестордың мәселесі шешілген. Сонымен қатар Үкімет басшысы мақұлданған жобалардың баяу іске асуына байланысты «Kazakh Invest» пен әкімдіктердің жұмысына сын айтып, 25 жобаның тек үшеуі ғана жүзеге асқанын атап өтті. Жауаптыларға қалған жобалар бойынша үш күн ішінде шешім қабылдау тапсырылды.