Үндістандық IndiGO әуе компаниясы Алматыға рейстерін тоқтатты. Салдарынан бір топ қазақстандық Мумбай әуежайында қалып қойды. Олар Пхукет – Мумбай – Алматы бағыты бойынша ұшуы тиіс болған. Алайда Үндістанға жеткенде келесі рейстердің тоқтатылғаны хабарланған. Әуе компаниясы мұның себебін Иран үстіндегі әуе кеңістігінің жабылуына байланысты деп отыр. Ал әуежайдың транзиттік аймағында қалып қойған жолаушыларға қонақ үй ұсынылмаған. Олар енді өз қаражатына басқа рейстерге билет сатып алуға мәжбүр.