Әкімдер жыл сайын қайталанатын көктемгі су басу жағдайына тағы да дайын болмай шықты. Әдеттегідей қар уақытылы шығарылмаған, арық-атыз тазаланбаған. Күннің күрт жылынғанын сылтаурататын шенеуніктердің кесірінен Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарының бірнеше елді- мекендерін су басты. Қазіргі таңда су басу қаупі еліміздің солтүстік және батыс өңірлерінде сақталып отыр. Мәселен Павлодар облысы Рождественка ауылында еріген қар суы жарты метрге дейін көтеріліп, көпбалалы отбасының үйін басып қалған. Ақтөбе қаласындағы жағдай да мәз емес. Шаһар «Венецияға» айналғандай. Жүріп-тұру мұңға айналған облыс орталығын аймақ басшысы Оңдасын Оразалин да аралап көрді. Тиісінше, қала әкімі Асхат Шахаровтың жұмысын қатаң сынға алып, орын алған жағдайға кінәлілер жазаланатынын ескертті. Ал Батыс Қазақстан облысының Шалғын ауылында 25 үй мен 2 әлеуметтік нысан су астында қалды. Үйсіз қалған тұрғындар мәдениет үйіне көшірілді. Аймақтың Қаратөбе мен Шыңғырлау аудандарында еріген қар суы автожол мен бетон құрылысын шайып кеткен. Салдарынан көлік қатынасы қиындаған. Қазавтожолдың мәліметінше қазірде елдегі 250-ден астам жол учаскесін су басу қаупі бар.