Түркістан облысының Арыс қаласында мұнай базасының станциясында өрт шықты. Оқиға Арыс–Монтайтас тас жолы бойында орналасқан нысанның аумағында болған. Мұнай өнімдері шамамен 30 шаршы метр аумақта жанған. Өрттің жанармай құйылған бес резервуарға таралу қаупі туындағанымен, жалын дер кезінде ауыздықталып, толықтай сөндірілді. Бұл жұмыстарға 60 адам мен 11 бірлік техника, оның ішінде өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері мен мән-жайын Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы құрылған комиссиясы анықтап жатыр.