Түркістан облысында биыл 100-ге жуық әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысы жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген жиында мәлім болды. Құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл 13 мектеп, екі перинаталдық орталық және мәдениет саласында 13 ғимарат пайдалануға беру көзделіп отыр. Сондай-ақ, спорт саласында 11 нысан бой көтеріп, 8 тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталмақ. Бұдан бөлек, бюджеттен тыс қорлар есебінен облыс орталығында «Ана мен бала» орталығы, сондай-ақ Бәйдібек және Келес аудандарында ангар типтес жабық спорт залдарының құрылысы жүргізіліп жатыр.