Батыс Қазақстан облысында боранды түні бір үйір жылқы суға түсіп, қырылып қалды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға сүйенсек, оқиға Қазталов ауданына қарасты Саралжын ауылында болған. Куәгерлердің айтуынша, демалыс күндері соққан қатты боран кезінде жылқылар су айдынына түсіп кетіп, сыртқа шыға алмай қалған.Ауа райының күрт нашарлауынан жылқылардың кейбірі мұз құрсауында қалып, түліктің көбі қырылған. Ал аудан әкімдігінің мәліметінше, қолайсыз ауа райына байланысты тұрғындарға алдын ала ескерту жасалып, малды қорада ұстау қажеттігі хабарланған. Алайда кейбір шаруалар бұл талапты орындамай, малды ашық жайылымда қалдырған. Қазіргі уақытта қырылған малдың нақты саны мен оның қай шаруа қожалығына тиесілі екені анықталып жатыр.