Түркістан облысында жыл басынан бері тамақтан 108 адам уланып қалған. Оның ішінде 3 жағдайда ботулизм анықталған. Улануға үй жағдайында консервіленген қияр, қызанақ және көкөністен жасалған салаттарды жеу жиі себеп болады. Жыл басынан бері жауаптылар өңірдегі нысандардың санитариялық талаптарға сәйкестігі бойынша 193 нысанды тексерген. Дегенмен наурыз айында 68 адам уланып ауруханаға түскен дәмхананың иесі жауапкершілікке тартылмағаны белгілі болып отыр. Ол кезде фастфуд әзірлейтін кәсіпкерлік нысан жабылғанымен, оның иесі жұмысын жалғастыра берген. Себебі рақымшылыққа іліккен көрінеді. Алайда қазан айында дәл сол дәмханадан тамақтанған 14 адам астан уланып қалған болатын.