Кентауда он мыңға тарта мүгедек бар. Оларға бар болғаны үш-ақ инватакси қызмет көрсетеді. Оның өзін сағаттап күтуге тура келеді. Ал, бағдаршамдар зағиптарға арналмаған. Жанарынан айырылғандарға ойдым-ойдым жолда жүру тіпті қиын. Ғимараттарда пандус жоқ. Барының өзі талапқа сай емес. 100 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тұратын Түркістан облысында бірде-бір сауықтыру орталығы жоқ. Ақылы ем де қабылдай алмайды. Себебі, кембағал жандарға төленетін жәрдемақының көлемі бар болғаны 36 мың мен 70 мың теңгенің аралығында. Көмекке мұқтаж жандардың шешілмеген мәселесі мұнымен бітпейді. Кембағал жандар оңалту мекемелеріне бір ретте барып көрмеген. Өйткені жүз мыңға тарта мүгедек тұратын облыста арнайы орталық деген атымен жоқ. Ал, ақылы ем алуға жәрдемақысы жетпейді. Ал,мүгедектердің жеке көмекшілері айына 50 мың теңге алады. Тіпті, еңбек өтілі де есептелмейді. Жауаптылар жәрдемақыны көбейтуге жергілікті бюджетте қаржы жоқ екенін айтады. Басқармадағылар болса оңалту орталығын келер жылы ашамыз дейді. Қаражат бөлінсе, екі жүз орынды кешен құрылысы биыл басталмақ.