Елордада Нидерландтан келген мамандар су тасқыны қаупін болжауға арналған арнайы оқыту семинарын өткізіп жатыр. Олар голландиялық Deltares институты әзірлеген бағдарламаны таныстырып, қолдану тәсілдерін үйретуде. Бағдарлама өзендердегі су деңгейін бақылап, тасқын қаупін алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Оқыту барысында қатысушылар Ақтөбе облысындағы Ілек өзенінің ашық деректері негізінде өзен ағысын есептеуді, су қоймаларының әсерін модельдеуді үйреніп жатыр. Мамандар әртүрлі сценарийлер арқылы өзеннің қай жағдайда тасуы мүмкін екенін компьютерлік модель арқылы көреді.Сарапшылар бұл құрал болашақта төтенше жағдайлардың алдын алуға тиімді көмек болатынын айтады.