Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарында мыңнан астам жарылғыш затты залалсыздандырды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, биыл сегіз ай ішінде бітімгерлер 32 жедел тапсырма орындап, 23 қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны тапқан. Инженерлік-саперлік топтың командирі майор Ернар Амантайұлының айтуынша, жарылмаған оқ-дәрілердің басым бөлігі елді мекендерге жақын жерлерден табылған. Олардың арасында артиллериялық және танк снарядтары, жаяу әскерге қарсы миналар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар бар. Мұндай қалдықтар Сириядағы қарулы қақтығыстардың салдары екені белгілі. Қауіп әлі сейілмесе де, қазақстандық саперлердің кәсіби әрі табанды еңбегі аймақтағы бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясы аясында тұрақтылықты нығайтуға зор үлес қосып келеді.