Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар әлі қызу жалғасып жатыр. Бұл тірліктер бұрынғыдай тек белгілі бір маусымда ғана емес, жыл он екі ай үздіксіз атқарылып келеді. Өткен аптада облыс бойынша 114 тазалық шарасы өткізіліп, оған 32 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Олардың көмегімен 171 тонна қоқыс шығарылды. Ал Сарыағаштағы экологиялық акцияда 11 мың түп ағаш отырғызылып, 18 тонна қалдық жиналды. Халықтан түскен өтінімдер де жедел орындалуда: «TazaQazBot» платформасына келіп түскен өтінімнің 98 пайызы толық шешімін тапқан. Тазалық тәртібін бұзғандарға қатысты да бақылау күшейген: жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластаған 27 мыңнан аса азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, 554 млн теңге айыппұл салынды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров тазалық жұмыстары жылдың төрт мезгілінде де бойы тоқтамайтынын айтып, аудандарға жұмысты ширата түсуді тапсырды.