Президент тапсырмасына сәйкес Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасында төрт жаңа трансформатор іске қосылды. Сала мамандарының айтуынша, бұл жұмыстар суға сұраныстың артуына байланысты жүргізіліп отыр. Жоба елді мекендер мен өндіріс орындарын сумен қамтамасыз ету сапасын арттырып, нысанның ұзақ мерзімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етеді. Жол картасына сәйкес, 2028 жылдың соңына дейін каналда 17 жаңа трансформатор орнатылып, 19 су сорғысы толық жаңартылады. Ал келер жылдың соңына дейін тағы төрт сорғыны ауыстыру жоспарда бар. Қазіргі уақытта олардың екеуін монтаждау жұмыстары басталды.