Қазақстандық саудагерлер әлеуметтік тауарлар бағасын негізсіз көтергені үшін 50 миллион теңге айыппұл арқалады. Сауда және интеграция министрлігі сауда саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу және бағаның өсуін тежеу бағытында жүйелі жұмысты әрі қарай жалғастырып жатыр. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдар өңірлік комиссиялары осы мәселеге байланысты 960 рет жиын өткізген. Нәтижесінде, делдалдық пен сауда үстемісін заңсыз көтерудің 2 мың 700-ге тарта фактісі анықталған. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың сатылуын бақылауға бағытталған пилоттық жобаның аясында электрондық шот-фактураларды бірлесіп талдау жүргізілуде. Нәтижесінде, биыл 10 миллионнан астам жеткізу тізбегі талданып, сауда заңнамасын бұзған 914 саудагер анықталды.