60 млрд. теңге тиімсіз жұмсалған

13
19.11.2025 17:52

Қазақстанның Денсаулық сақтау жүйесінде дау туындады. Жоғарғы аудит палатасы министрлік пен оған қарасты ұйымдардың жұмысынан 60 миллиард теңгеге жуық  шығынды анықтады. Соның салдарынан 371 түрлі дәрі уақытында сатып алынбаған, жүздеген мемлекеттік сатып алу байқауы кешіктірілген, ал кейбір дәрілер нарықтағы бағадан бірнеше есе жоғары сатып алынғаны анықталды. Тіпті 13 дәрінің бағасы  35,8 миллиард теңгеге артық төленген. Ең шулы деректердің бірі — Тайландтан әкелінген 62 миллионнан астам медициналық қолғаптың «отандық өнім» деген атпен  саудалануы. Мұндай құйтырқы  схема мемлекетті 5 миллиард теңгеден астам шығынға батырған.  Сонымен қатар, қойма жұмысын басқаруға арналған құны 100 миллион теңгелік  IT бағдарлама мүлдем қолданылмаған. Ал  отандық дәрі жасауға бөлінген 4,6 миллиард теңге нәтиже бермеген. Министрлік бұл деректердің бірқатарымен келіспейтінін айтып отыр. Олар сатып алулар  кезінде бекітілген шекті бағалардан аспағанын, сондықтан «артық төлем» деп есептелмеуі тиіс екенін мәлімдеді. Дегенмен дәл осы деректер қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Тексерістен кейін басшыларға қатаң сөгіс берілді, ал SK-Pharmacia басшысы қызметінен босатылды. Министрлік енді цифрлық бақылау жүйесін енгізіп, қатаң бақылауды күшейтпек.