Жетісай ауданында жеке үйде болған өрттен аман қалғандардың бірі есін жиды. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шегушілер әлі де жансақтау бөлімінде. Денсаулық сақтау министрлігі науқастар ем алып жатқан ауруханамен тұрақты байланыста болып, олардың жағдайын жіті бақылауда ұстап отыр. Ал қажет болған жағдайда оларды санавиация бортымен Астанаға жөнелтуге дайын екені мәлімделді. Айта кетейік, болған оқиғаға байланысты Мемлекеттік комиссия отырыс өткізіп, тиісті органдарға бірқатар тапсырмалар жүктелген болатын.Атап айтқанда, өрт салдарынан қаза тапқандардың жерлеу рәсімін ұйымдастыру және олардың жақындарына қажетті материалдық әрі психологиялық көмек көрсету тапсырылды. Сондай-ақ, мамандарға тілсіз жаудың нақты себептерін жан-жақты анықтау жүктелді. Қазіргі таңда тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда.