Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз жинап келгендер қолға түсті. Жедел жүргізілген тексеріс кезінде Төлеби ауданының алты тұрғыны ұсталды. Олар таулы аумақта жойылу қаупі жоғары қызылтамыр өсімдігінің түбімен қазып, заңсыз жинаған. Тінту кезінде олардан салмағы 100 келіден асатын 3000-нан астам тамыр және арнайы жасалған күректер тәркіленді. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция табиғатты қорғау заңын бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, азаматтарды сирек кездесетін өсімдіктерді сақтауға шақырады.