Түркістан облысында ұзындығы 62 шақырымнан астам арық-каналдар бетонмен қапталып, егістікке су жеткізу жүйесі жаңартылып жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі жүзеге асырып жатқан жоба Жетісай, Мақтаарал, Отырар және Созақ аудандарындағы 16 мың гектарға жуық жерді қамтиды. Бұл жұмыстар шаруаларға кедергі келтірмес үшін қыркүйек айында басталған, желтоқсанда аяқтау жоспарланып отыр. Арналарды бетондау ағын судың шығынын азайтып, судың діттегін жеріне жылдам әрі толық жетуін қамтамасыз етеді. Келесі жылы «Ақарық», «Серібек» және «Шұқырой» каналдарының реконструкциясы аяқталады. Ал Жетісай мен Мақтааралдағы негізгі каналдар 2027–2028 жылдарға дейін толық жаңартылады. Министр Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, бұл жобалар су үнемдеуге, өнімділікті арттыруға және ауыл шаруашылығының дамуына серпін береді.