Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында екі ел арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысы өтті. Кездесу барысында Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және тиімді пайдалану жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойды. Бұл құжат екі елдің ауыл шаруашылығы аймақтарын сумен қамтамасыз ететін өзендер мен каналдар бойынша өзара іс-қимыл тетіктерін нақыталап, бекітті. Сондай-ақ су нысандарын пайдалану режимін үйлестіруді, олардың сенімді жұмысын қамтамасыз етуді және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын қамтиды.