«Европа плюс Қазақстан» радиостанциясының жүргізушісі Любовь Пановаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол «Фейсбук» әлеуметтік желісінде ұлтаралық араздық тудырды деген күдікке ілініп отыр. Ақпарат құралының өкілі Ресей туы қойылған жазбада өзге қолданушылармен сөзге келіп, «Қаңтарда сендерді кім қорғағанын ұмытыпсыңдар» және «Көп ұзамай, Вова аға келіп сазайларыңды тарттырады» деп жазған. Радиостанция жүргізушінің бұл қылығы үшін кешірім сұрап, оны жұмыстан шығарғанын хабарлады. Бүгін Бас Прокуратура Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы ұлтаралық араздық туғызу фактілері жиілегенін және ол үшін Қылмыстық кодекстің 172,174 және 180-і баптары бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін мәлімдеді.