Мүгедектігі бар азаматтарға көмек алу жеңілдеді

14
07.11.2025 22:14

 Елімізде  мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қолдау тетіктері бұрынғыдан да ыңғайлы бола түсті.  Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы биылдың өзінде халыққа 529 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Оның ішінде 389 мыңнан астам азамат оңалтудың техникалық құралдарын алса, 26 мың адам жеке көмекшінің қызметін пайдаланды. Сонымен қатар 9 жарым мыңға жуық адам ымдау тілі мамандарының көмегіне жүгінген, ал 104 мыңнан астамы санаторийлік-курорттық ем қабылдаған. Порталдың басты артықшылығы — мүгедектігі бар адамдар өзіне қажет құрал мен қызметті өздері таңдай алады. Тапсырыс электронды қолтаңба арқылы рәсімделіп, өнім үйге жеткізіледі немесе азамат өзі алып кете алады. Қазіргі таңда жүйеде 630 әлеуметтік қызмет көрсетуші, 1066 техникалық құрал жеткізуші және 32 мыңнан астам жеке көмекші тіркелген. Әлеуметтік портал мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетіп қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған.