Түркістан облысында Шардара су қоймасының су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында жаңа байланыстырушы каналдар салынып жатыр. Бұл құрылыс оқшауланған су тоғандарындағы суды негізгі су айдынына жеткізуге мүмкіндік береді. Жұмыстармен танысқан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жобаның маңызын атап өтті. Қазір ұзындығы 32 шақырымнан асатын каналдар тартылып, «Қызылқұм-1» ирригация-дренаж жүйесі де жаңартылуда. Нәтижесінде 12 мың гектардан астам егістік жер сумен үздіксіз қамтылады деп жоспарланған.