Елімізде астық жинау науқаны аяқталды. Биыл 16 миллион гектар алқаптан 27 миллион тонна астық қамбаға құйылды. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда жарты миллион тоннаға көп. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидай егісі 900 мың гектарға қысқарғанымен, өнім көлемі азаймаған. Майлы дақылдар бойынша да рекордтты көлемде, яғни 4,3 миллион тонна өнім алынған. Сонымен қатар ел бойынша 2,9 миллион тонна картоп, 3,8 миллион тонна көкөніс және 2,6 миллион тонна бақша дақылдары жиналды. Сондай-ақ министр әкімдіктерге мақта өсірудің дәстүрлі тәсілдерінен алшақтап, озық және тиімді технологияларға көшу бойынша жұмысты күшейту қажет деп санайды.