Түркістан облысы инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып келеді. Соңғы тоғыз айда аймақ экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция құйылған. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Ол жөнінде Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды. Инвестиция тарту нәтижесінде облыста 4 мың 800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар 2025–2028 жылдар арлағында 2,6 трлн теңге болатын 111 ірі жоба әзірленіп отыр. Олар толық іске асқанда 23 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі уақытта өңірде фосфор, химия, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы және тоқыма өндірісі бағытында бірнеше ірі зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Мақсат өңірді шикізат қана емес, дайын өнім шығаратын өндірістік орталыққа айналдыру.