Түркістан облысындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын жаңа өндіріс орнының іргетасы қаланды. Жоба аясында «BEREKE PLASTIC» зауытының құрылысы жүргізіліп, 7 заманауи өндірістік кешен бой көтермек. Алғашқысы келер жылдың ақпан айында іске қосылады. Түркістан облысы индустрияландыру мен инвестиция тарту бағытында қарқынды дамып келеді. Жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы – өңірдің экономикалық дербестігін арттырып, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Сауран ауданының Оранғай ауылында орналасқан зауыттың іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатыстып, жобаның өңірдің индустриялық әлеуетін арттыратынын атап өтті.