Су заңнамасын бұзғандарға айыппұл салынды

12
28.10.2025 17:02

Жыл басынан бері Қызылорда және Түркістан облыстарында су заңнамасын бұзғандарға 46 миллион 700 мың теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Арал–Сырдария бассейні су инспекциясы хабарлады. Биылғы тоғыз айда жүргізілген тексерістердің нәтижесінде 439 әкімшілік іс қозғалған. Мамандардың айтуынша, өткен вегетация кезеңінде заңсыз су алу және тіркелмеген сорғы қондырғыларын орнату деректері анықталған. Суды әділ бөлу және есепке алу мақсатында инспекторлар министрлік пен «Қазсушар» мекемесінің мамандарымен бірлесіп, су шаруашылығы нысандарына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Заңсыз су алу деректері азайғанымен, бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі, әр тамшы судың есебі бар, ал оны сақтау – ортақ жауапкершілік.